22/05/2026
«Конституция – әділетті қоғамның негізі» дөңгелек үстел
Қазақстан Жазушылар кітапханасында ҚР Конституциясын талқылауға арналған «Конституция – әділетті қоғамның негізі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстел модераторы Д.А.Қонаев атындағы заң колледжінің директоры, «AMANAT» партияның саяси кеңес мүшесі, Әуезов ауданы «Қазақ тілі қоғамының» өкілі, қоғам қайраткері Булекбаева Райхан Чантовна отырысты ашып, қатысушыларды іс-шараның мақсатымен таныстырды.
Негізгі баяндамамен Д.А. Қонаев атындағы заң колледжінің заң пәндерінің оқытушысы, құқық магистры Еркебаева Айнур Қуатбекқызы сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында еліміздің Ата заңына енгізілетін негізгі өзгерістер мен толықтыруларға жан-жақты тоқталды. Ал ақын-композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР ақпарат саласының үздігі, журналист Әшірбаев Бекжан өзгертілген бұл құжатты жаңартылған, әділетті қоғам орнатудың кепілі екендігі, елдің болашағы үшін маңызды қадам екенін атап өтті.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Әуезов аудандық филиалының төрағасы Б. С. Ибраева, ауған ардагерлері мен мүгедектерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің орынбасары «Ерлік» үшін медаль иегері А.Жорабаев, Ж.Құнанбай, Б.Маликов, Б.Сандуов, Карабах ардагерлері ұйымының төрағасы Е.Чингисов және Е.Теміргалиев, Б.Тілегенов жаңа Конституцияны қолдап, оның еліміздің болашағы мен егде адамдарға қатысты маңызды нормалары бар екенін айрықша атап өтті.
Кітапхана қызметкерлері кітап көрмесіне шолу жасап, заңды құрметтеу мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың міндеті екенін, сонымен қатар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, конституцияны насихаттау бағытында кітапханалардың атқарып отырған жұмыстарына тоқталып өтті. Іс-шара қатысушылар өзара еркін пікір алмасты.