23/02/2026
ТҮЛКІБАСТЫҚ ТҰРҒЫНДАР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барлық аумақтарда қарқын алды. Бүгін коалицияның Түркістан облыстық өкілдері Түлкібас ауданында жергілікті тұрғындармен, өндіріс орнының ұжымымен және білім беру саласының қызметкерлерімен жаңа Конституцияның құқықтық негіздерін түсіндіру кездесулерін өткізді.
Коалицияның өңірлік филиалы төрағасының орынбасары, AMANAT партиясы Түркістан облыстық фиоиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастаған топпен бірге RESPUBLICA партиясы Түркістан облыстық филиалының өкілі, әрі облыстық Коалиция мүшесі ретінде Биназаров Бейбіт Бақытбекұлы қатысып, хабарлама жасады.
Кездесулерде конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, заң үстемдігін нығайту, әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамту мәселелері бойынша конституциялық кепілдіктер таныстырылды. Сонымен қатар алдағы республикалық референдумның тарихи маңызы түсіндіріліп, әрбір азаматтың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екеніне баса мән берілді.
Коалиция өкілдерінің жергілікті тұрғындармен кездесу жиыны Түлкібас кентінде өткізілді. Кездесуде жаңа Ата заң жобасының жекелеген баптарына кәсіби түсініктемелер беріліп, конституциялық реформалардың еліміздің саяси жаңғыруына қосар үлесі жайлы пікірлер айтылды.
Ақпараттық-насихаттық топтың кездесуі «Састөбе» инновациялық индустриялық кешеніндегі әк зауытының өндірістік кешенінде жалғасты. Зауыт жұмысшыларымен кездесуде жаңа Конституцияның басты идеясы ретінде – мемлекет тұтастығы, қоғам бірлігі, адам құқығы, адал еңбек, заң мен тәртіп белгіленгені айтылып, осы құндылықтарда халқымыздың сенімі мен үміті, арманы мен тілегі бар екені жеткізілді.