20/08/2026
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасының өкілдері IFLA WLIC 2026 Дүниежүзілік кітапханашылар конгресіне қатысты
2026 жылғы 10–13 тамыз аралығында Корея Республикасының Пусан қаласында IFLA WLIC 2026 90-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтті.
Конгресс жұмысына ЕҰУ Ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев және ғылыми-зерттеу жұмысы бөлімінің наукометрия жөніндегі менеджері Арайлым Тілеубек қатысты.
«Libraries Powering Transformation» («Трансформацияға бастайтын кітапханалар») тақырыбында өткен іс-шарада кітапханаларды цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану, инновациялар, инклюзивтілік пен орнықты даму мәселелері талқыланды. ЕҰУ өкілдері кәсіби сессияларға, воркшоптар мен пікірталастарға қатысып, кітапхана саласындағы заманауи технологиялар ұсынылған халықаралық көрмені тамашалады.
Сонымен қатар олар Busan Metropolitan Library және Silla University Library кітапханаларында болып, заманауи кітапхана кеңістіктерімен, цифрлық қызметтермен және инновациялық жұмыс тәсілдерімен танысты.
Конгресс аясында Korean Library Association өкілдерімен және IFLA-ның білім беру бағдарламалары жөніндегі комитетімен кәсіби байланыстар нығайтылды. Алынған тәжірибе ЕҰУ Ғылыми кітапханасының қызметтерін дамытуға, кітапханалық үдерістерді цифрландыруға және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау сапасын жетілдіруге ықпал етеді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті