28/08/2026
МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ТАРИХШЫ-ЭТНОГРАФ, ҒАЛЫМ ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ!
Жәнібеков Өзбекәлі ‒ 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Маяқұм (Сарықамыс) ауылында, колхозшы отбасында дүниеге келген.
Орта мектептен кейін, 1948 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы тәмамдайды.
Өзінің еңбек жолын сол 1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында «Ленин жолы» орта мектебінде мұғалімдіктен бастап, 1955-1956 жылдары Келес аудандық партия комитетінде насихатшы, аудандық комсомол комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарды. 1956-1959 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінде хатшы және бөлім бастығы, 1959-1961 жылдары бірінші хатшы болып сайланған. 1961-1970 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде үгіт-насихат жөніндегі хатшы және бірінші хатшы болып қызмет істеген. 1970-1975 жылдары Торғай облыстық партич комитетінің хатшысы, ал 1975-1977 жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінде сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1977-1987 жылдарда Қазақ ССР Мәдениет Министрінің орынбасары, Алматы облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ ССР Мәдениет Министрі. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне хатшы болып сайланды да, сонда партия тарқатылғанға дейін қызмет істеді. 1991 жылдан бастап, «ҚР алдындағы ерекше еңбегі үшін» зейнетақы иегері атанды.
Белсенді қоғамдық қызметі үшін үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың жерді игергені үшін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің БЛКЖО Орталық комитетінің, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің Құрмет грамоталарымен және БЛКЖО «Құрмет» белгісімен наградталған.
Ол сондай-ақ КПСС ХХІІ-ХХҮІІІ сьездерінің Қазақстан Компартиясының ХІ, ХІІ, ХІҮ, ХҮІІ сьездерінің, БЛКЖО-ның ХІҮ, ХІІ, ХҮІ сьездерінің Қазақстан комсомолының ҮІІІ, ІХ, Х, ХІ, ХІІ сьездерінің делегаты, ҮІ, ҮІІ, ХІ шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, ал 1990 жылы Қазақ ССР халық депутаты болып сайланды.
1985 жылдың ақпанында Ө. Жәнібеков ҚР Орталық Мемлекеттік архивіне Орта Азия мен Қазақстанда комсомол ісін ұйымдастырушы, комсомол қайраткері Ғани Мұратбаевтың құжаттарын мемлекеттік сақтауға өткізіп, үлкен азаматтық көрсетті.
Өзбекәлі Жәнібеков қайда, қандай қызметте болсада қазақтың ұлттық мәдениетін, қол өнерін, ән биін, сәулет өнерін, әдет-ғұрпын, тарихын, этнографиясын зерттеп, өркен жаюына жанашыр бола білді.
Ө. Жәнібековтің тікелей басшылығымен тарихи және мәдени ескерткіштерді есепке алып қорғау, қайта қалпына келтіру және пайдалануда көптеген жұмыстар атқарылды. Жамбыл, Маңғыстау, Семей, Оңтүстік Қазақстан тағы басқа облыстарды музей қорықтар ұйымдастырылып, қазақтың халық билері, ұлттық киімдері қалпына келтірілді, оларды насихаттау үшін фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер құрылды. Ө. Жәнібековтің рухани мұрасы халқының қымбат қазынасы болуымен бірге болашақ ұрпақтың оқып үйренуіне, тәлім алуына татитыны, талай зерттеу еңбектеріне негіз болары сөзсіз.
Ө. Жәнібековтің жеке қорының құжаттарын Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архивіне 1996-1997 жылдары қабылданды. Осы құжаттар негізінде 1-ші және 2-ші тізімдемелер жасалып, тізімдемеге 1903-1997 және 1969-1997 жылдар аралығын қамтитын құжаттар енген.