06/08/2026
ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУДЫ ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ .
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Н.М. Әбдіров, Шымкент қаласының басшылығы, құқық қорғау және өзге де құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының халықаралық байқаушылары Марко Массони, Александра Урсула Карин және аудармашы Мария Санарова
Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстарын үйлестіру, сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын күшейту, сондай-ақ сайлау үдерісінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мәселелерін талқылау.
Семинар барысында сайлау науқанын ұйымдастырудағы өзекті мәселелер, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сайлау учаскелерінің дайындығы, әлеуметтік қолдау шаралары және аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы жан-жақты қаралды.
Семинарда төмендегі спикерлер баяндама жасады:
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы - Б.А. Әшірбеков;
Шымкент қаласы прокуроратурасының өкілі -Н.Базарбаев;
Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары - Ұ. Т. Мылтықов;
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы - Ж.Ө. Өтебаева;
Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы - Қ.К. Құнанбаев.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Н.Әбдіров бірқатар сайлау учаскелерінің дайындығымен, орналасқан сайлау учаскелерін аралап, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысты.
Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысады.
Сапар бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасының Шымкент қаласының әкімімен кездесуі де жоспарланған. Кездесу барысында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы және сайлау науқанының ұйымдастырылуы талқыланады.@