06/08/2026
САУРАН: ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ – «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ҮШІН БАСТЫ БАҒДАР
🟣«Әділет» партиясы сайлауалды науқан кезінде халықпен бетпе-бет кездесіп, елдің көкейіндегі мәселелерді тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын бірге айқындау жұмыстарын атқарып келеді. Партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы да осы қағидаға негізделген. Бағдарламада азаматтардың әл-ауқатын арттыру, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету, сапалы білім мен медицинаға қолжетімділікті кеңейту, ауылдарды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әділетті экономикалық саясат қалыптастыру басты басымдық ретінде белгіленген.
Осы мақсаттағы кезекті кездесу Сайрам ауданының Сауран ауылындағы Жібек Жолы ауылдық округінде өтті. «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабы ұйымдастырған жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев пен Мамырхан Юлдашев, облыстық сайлауалды штаб мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесуді ашқан партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев Жібек Жолы ауылдық округінің тарихи маңызына тоқталып, өңірдің ежелден сауда мен мәдениеттің, еңбек пен бірліктің ордасы болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің жоғары заң шығарушы органы жаңа форматқа көшіп, енді Құрылтай деп аталатынын айтып, алдағы 23 тамыздағы сайлаудың ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Өз сөзінде кандидат партияның басты мақсаты халықтың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерді шешу екенін атап өтті.
– Ауыл тұрғындарын ең алдымен сапалы ауыз су, ішкі жолдардың жағдайы, қоғамдық көлік, интернет пен ұялы байланыстың сапасы толғандырады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығын қолдау, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру біздің бағдарламаның негізгі бағыттары. Әділетті қоғам нақты істерден басталады. Сондықтан әр азаматтың таңдауы елдің ертеңіне ықпал етеді, – деді Нұрлан Толыбаев.
Облыстық мәслихаттың төрағасы, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Нұралы Әбішов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өсіп, жан басына шаққандағы табыс көрші мемлекеттермен салыстырғанда жоғары деңгейге жеткен. Алты айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құруда республикада көш бастап келеді. Аудандар арасында Сауран ауданының бірінші орында тұрғанын атап өткен ол әрбір азаматтың даусы мемлекет дамуына ықпал ететін маңызды таңдау екенін айтты.
Құрылтай депутаттығына кандидат Мамырхан Юлдашев партия бағдарламасында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтып, сапалы әлеуметтік қызметтер әрбір азамат үшін қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді.
Облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева партияның жеті негізгі мақсатына тоқталып, олардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын түсіндірді. Ал азаматтық қоғам белсендісі Мөлдір Нұрман бағдарламаның нақты экономикалық көрсеткіштерге негізделгенін айтып, ішкі жалпы өнімнің өсуі жаңа мектептердің, спорт нысандарының, жолдардың салынуына, ауылдарды дамытуға, жеңілдетілген несиелер мен тұрғын үй бағдарламаларын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың пікіріне арналды. Ауыл азаматтары елді мекендегі инфрақұрылымды жетілдіру, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын қолдау, жол сапасы мен әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қатысты өз ұсыныстарын айтты. Партия өкілдері көтерілген әрбір мәселе назарға алынатынын және олар сайлауалды бағдарламаны іске асыру барысында басшылыққа алынатынын жеткізді.
Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалдары елдің тұрақты дамуы мен әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы бастамаларға қолдау білдіріп, партия өкілдеріне ақ батасын беріп, алдағы саяси науқанға сәттілік тіледі.
#қазақстан #әділет #әділетпартиясы #ӘділеттіҚазақстан #партияадилет