19/08/2026
• Түркістанда «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында өткен дәстүрлі облыстық тамыз конференциясына қатыстым. Алқалы басқосуда білім саласындағы жетістіктерді саралап, алдағы мақсаттарды айқындадық.
Бүгінгі басқосуымыз ел өміріндегі тарихи өзгерістер кезеңінде өтіп отыр. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен жаңа Конституциямыз қабылданып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Ата Заңымыз азаматтардың әлеуетін, білім мен ғылымды дамытуды мемлекеттік саясаттың өзекті әрі басты стратегиялық басымдығы етіп белгіледі. Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Қазіргі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект дәуіріне, яғни адамның ойлау мүмкіндігін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеу кезеңіне аяқ басты. Сондықтан, жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу – біздің басты міндетіміз.
Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы біздің өңірге тиесілі. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Яғни, Қазақстандағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш – жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балаларымызға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру – әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Мектеп ғимаратын тұрғызумен іс бітпейді. Сапалы білім беру үшін ішкі жағдай мен заманауи жабдықталу деңгейі жоғары болуы тиіс. Әсіресе ауыл мектептеріндегі білім сапасын қала деңгейіне жеткізу – біздің стратегиялық мақсатымыз. Мен өңірдегі білім беру ұйымдарын арнайы аралап, мектептердің тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық жағдайымен жеке танысып шықтым. Балаларымыздың оқу үдерісін барынша ыңғайлы, заманауи әрі қауіпсіз ету мақсатында бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Нақтырақ айтқанда, білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 75 мың жаңа парта, 10 мың жаңа тақта алу үшін қаржы бөлінді. Сондай-ақ, оқушыларымызға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинетті толықтай заманауи үлгіде жабдықтауға қаржы қарастырылды.
2024-2025 жылдары 29 жайлы мектеп іске қосылса, бүгінде облыстық бюджет есебінен 13 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2027-2029 жылдары 17 мыңға жуық оқушыға арналған тағы 58 білім нысанын іске қосу жоспарланған, ал 115 мектеп реновациядан өтуде.
Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу бағытында да нақты қадамдар жасалып, алдағы үш жылда 145 шағын жинақты мектепті заманауи цифрлық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын түбегейлі жоюға мүмкіндік береді.
Білім саласын дамыту – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Осы орайда, өңіріміздің адами капиталын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырған стратегиялық серіктесіміз – Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғыс айтамыз. Қордың қолдауымен биыл 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда. Сонымен қатар Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында «Жаңа буын» орталықтары заманауи робототехника, өнер және спорт құралдарымен қамтылады.
Өңірдегі оқушы орнының тапшылығын шешуге үлес қосып отырған жекеменшік мектептердің де рөлі жоғары. Басты көрсеткіш – ғимараттың аумағы емес, онда берілетін білімнің сапасы. Мемлекет бұл мектептердің шығындарын 100 пайыз өтейтіндіктен, қойылатын талап та жоғары: білім сапасы бекітілген стандарттарға сай болуы керек. Меншік түріне қарамастан, балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасына бәріміз бірдей жауаптымыз.
2025-2026 оқу жылында Түркістан облысының білім сапасы 69 пайызды құрап, елімізде көш бастады. Бұл – әрине, ең алдымен, аянбай еңбек етіп жүрген білікті педагогтар қауымының қажырлы еңбегінің жемісі.
Өңірімізде ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға жан-жақты жағдай жасау – әкімдіктің әрдайым басты назарында. Алдымызда жаңа белестер мен ауқымды мақсаттар тұр. Біздің ең басты міндетіміз – заман талабына бейімделген, білімді, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жаңа оқу жылында баршаңызға жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін!